Жарияланған күні: 08.05.2015 20:08
Өзгертілген күні: 15.05.2015 17:32

Дара кәсіпкерлердің қызметін

оңайлатылған тәртіппен тоқтату туралы

ЖАДНАМАСЫ

 

Дара кәсіпкерлердің жекелеген санаттарының қызметін оңайлатылған тәртіппен тоқтату камералдық бақылау жүргізілмей:

1) салық төлеушінің қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішінің (2-қосымша негізінде) не болмаса,

2) салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы салықтық өтініште немесе патент құнының есеп-қисабында қамтылған жазбаша келісімнің негізінде жүзеге асырылады.

Қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішті беру кезінде бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:

1) қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмайтын;

2) бірлескен кәсіпкерлік нысанында қызметті жүзеге асырмайтын;

3) шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі қолданылмайтын қызмет түрлері бойынша табыстар мен шығыстардың, мүліктің бөлек есепке алынуын қолданатын бірыңғай жер салығын төлеушілер болып табылмайтын;

4) жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асырмайтын;

5) тәуекелдерді бағалау жүйесі іс-шараларының нәтижелері негізінде салықтық тексерулер жоспарында жоқ;

6) салық берешегi, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі жоқ Қазақстан Республикасының азаматтары немесе оралмандар болып табылатын дара кәсіпкерлер қызметті оңайлатылған тәртіппен тоқтатуға жатады.

Қызметті оңайлатылған тәртіппен тоқтату кезінде дара кәсіпкер өзінің орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:

1) қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті;

2) таратудың салық есептілігін;

3) бақылау-касса машинасын (ол болған кезде) есептен шығару туралы салықтық өтінішті табыс етеді.

Таратудың салық есептілігі қызметті тоқтататын дара кәсіпкер төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлері, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш табыс етілген салық кезеңінің басынан бастап осындай өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезең үшін жасалады.

Салық органы осы тармаққа сәйкес салық міндеттемесі орындалған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей дара кәсіпкерді тіркеу есебінен шығаруды жүзеге асырады және уәкілетті органның интернет-ресурсында дара кәсіпкердің тіркеу есебінен шығарылғаны туралы ақпаратты орналастырады.

Мынадай жағдайларда:

1) патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын және патенттiң қолданылу мерзiмi өткен немесе қызметті тоқтата тұру кезеңі аяқталған күннен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде патент құнының кезекті есеп-қисабын табыс етпеген;

2) салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұрған және қызметті тоқтата тұру кезеңі аяқталғаннан кейін осы Кодексте белгіленген салық есептілігін табыс ету мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде салық есептілігін табыс етпеген дара кәсіпкерлер оңайлатылған тәртіппен тоқтатуға жатады.

Камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, салық органы жеке тұлғаға камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жібереді.

Жеке тұлға хабарламаны орындамаған және (немесе) салық органдары табыс етілген түсіндірмелермен келіспеген жағдайда, салық органы осындай жеке тұлғаға қатысты құжаттық тексеру жүргізуге құқылы.