Жарияланған күні: 29.07.2015 12:09
Өзгертілген күні: 29.07.2015 12:10

Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2015  жылғы 30 сәуірдегі № 293
бұйрығымен бекітілді

 

 

 

 

Салықтар бойынша аудит жүргізу және салықтар бойынша аудиторлық қорытынды беру қағидалары

 

 

1.     Жалпы ережелер

 

1. Осы Салықтар бойынша аудит жүргізу және салықтар бойынша аудиторлық қорытынды беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Кодексінің 37-2-бабын қолдану мақсатында «Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 20 қарашадағы Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді.

2.                Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар, терминдер:

1)                аудиттелетін субъект - өзіне қатысты аудит жүргізілетін заңды тұлға, заңды тұлғаның атынан өкілдік ететін оның филиалдары және (немесе) өкілдіктері, дара кәсіпкер;

2)                аудиторлық қорытынды - салықтар бойынша аудит нәтижелері бойынша жасалған қорытынды;

3)                салықтар бойынша аудит – осы Қағидаларда белгіленген талаптарды сақтай отырып, салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің барлық түрлері бойынша есептеу мен төлеудің дұрыстығы, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеудің, ұстап қалудың және аударудың толық және уақтылы болуы, әлеуметтік аударымдарды есептеудің және төлеудің толық және уақтылы болуы мәселесі бойынша аудиторлық ұйым жүргізетін аудит;

 

 

2. Салықтар бойынша аудитті жүргізу талаптары

 

3.                Салықтар бойынша аудит, аудиторлық ұйым мен аудиттелетін субъектің арасында жасалған салықтар бойынша аудит жүргізу туралы шарттың негізінде, аудиттелетін субъектінің бастамасы бойынша жүзеге асырылады, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келеді.

4.                Салықтар бойынша аудит Салық кодексінің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі шегінде аудиттелетін субъектіге қатысты кешенді салық тексеру жүргізілмеген кезең үшін жүзеге асырылады.

5. Салықтар бойынша аудит жүргізу шартында: шарттың мәні, мерзімі, ақы төлеу мөлшері мен талаптары, тараптардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі, алынған ақпараттың құпиялылығы, сондай-ақ кәсіби ұйымға мүшелігі көзделеді.

6. Мемлекеттік кіріс органдарына ұсынылатын мәліметтерді қоспағанда, салықтар бойынша аудит жүргізуге арналған шартты орындау кезінде аудиторлық ұйым алған мәліметтер коммерциялық құпияны құрайды.

7. Аудиторлық ұйымның салықтар бойынша аудит жүргізуге құқығын шектеу Заңның 24-бабында айқындалған.

        

 

3. Салықтар бойынша аудит нәтижелерін рәсімдеу тәртібі

 

8. Салықтар бойынша аудит нәтижелері жөнінде аудиторлық қорытынды осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалады. 

9.  Салықтар бойынша аудиторлық қорытындыға біліктілік куәлігінің нөмірі мен берілген күнін көрсете отырып, орындаушы аудитор қол қояды, өзінің жеке мөрімен куәландырады, аудиторлық ұйым басшысының қолтаңбасымен бекітіледі және аудиторлық ұйымның мөрімен куәландырылады.

10. Аудиторлық қорытындыға салықтар бойынша аудитті жүргізу барысында анықталған ауытқулар бойынша қажетті құжаттардың көшірмелері, аудитор жүргізген есептер және салықтар бойынша аудит барысында алынған басқа да материалдар қоса беріледі.  

11. Аудиторлық қорытынды үш данада жасалады.

Аудиторлық қорытындының бір данасын аудиторлық ұйым аудиттелетін субъектіге, ол жасалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде табыс етеді.

Аудиторлық қорытындының екінші данасы аудиторлық ұйымда қалады;

Аудиторлық қорытындының үшінші данасы, осы Қағидалардың 12 және 13-тармақтарына сәйкес аудиттелетін субъектінің тұрған жері бойынша мемлекеттік кірістер органына жіберіледі.

 

 

4. Салықтар бойынша аудиторлық қорытындыны мемлекеттік кірістер органына беру тәртібі

 

12. Аудиторлық қорытындыны аудиторлық ұйым, аудиттелетін субъектіге осындай қорытынды табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік кірістер органына береді.

13. Аудиторлық қорытынды мемлекеттік кірістер органына ілеспе хат алып келу тәртібінде немесе почта бойынша ұсынылады.