Жарияланған күні: 29.10.2015 15:52
Өзгертілген күні: 29.10.2015 15:54

Салық төлеушінің (салық агентінің) салық есептілігін табыс етуін тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) тәртібі

 

1. Салық төлеушінің (салық агентінің) салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы салықтық өтініші негізінде, 73 бапта белгіленген тәртіппен:

1) салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұруға;

2) салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру мерзімін ұзартуға;

3) егер осы бапта өзгеше көзделмесе, салық есептілігін табыс етуді қайта бастауға құқығы бар.

Салық төлеуші (салық агенті) қызметін тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған жағдайда өзінің орналасқан жері бойынша салық органына алдағы кезеңге арналған салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы салықтық өтініш табыс етеді. Салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру мерзімі, оны ұзарту ескеріле отырып, осы Кодекстің 46-бабында белгіленген мерзімнен аспауға тиіс.

Салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы өтінішпен бір мезгілде салық төлеуші (салық агенті) салық кезеңінің басынан осындай өтініште көрсетілген қызметті тоқтата тұру күніне дейін салықтың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлері, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша салық есептілігін табыс етеді.

Егер кезекті салық есептілігін табыс ету мерзімі салықтық өтінішті табыс еткеннен кейін басталса, онда осындай кезекті салық есептілігін табыс ету салықтық өтінішті табыс еткен күнге дейін жүргізіледі.

2. Салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы салықтық өтініш алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде салық органы уәкілетті орган әзірлеген және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен нысан бойынша салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру туралы немесе салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұрудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

3. Салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру туралы немесе салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұрудан бас тарту туралы шешім салық төлеушіге (салық агентіне) жеке өзіне қолын қойдыра отырып немесе жөнелту және алу фактісін растайтын өзге тәсілмен тапсырылады.

4. Салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұрудан бас тарту туралы шешім:

1) салық төлеушіде (салық агентінде) өтініш берілген күні салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі болған;

2) салық төлеуші (салық агенті) осы баптың 1-тармағында көрсетілген салық есептілігін табыс етпеген;

3) осы Кодекстің 579-бабына сәйкес салық органы салық төлеушіні әрекетсіз деп таныған жағдайларда қабылданады.

5. Салық органы салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұрудан бас тарту туралы шешім қабылдаған жағдайда, салық төлеуші (салық агенті) осы Кодексте белгіленген тәртіппен салық есептілігін табыс етеді.

6. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші (салық агенті) алған салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру туралы шешім салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы салықтық өтініште көрсетілген салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру кезеңіне салық есептілігін табыс етпеуге негіз болып табылады. Осы тармақта көрсетілген салық есептілігін табыс етпеу салық есептілігін нөлдік көрсеткіштерімен табыс етуге теңестіріледі.

7. Салық төлеуші (салық агенті) қызметті тоқтата тұру мерзімі аяқталғанға дейін қызметті қайта бастау туралы шешім қабылдаған жағдайда, аталған салық төлеуші (салық агенті) қызметті тоқтата тұру мерзімі аяқталғанға дейін өзінің орналасқан жері бойынша салық органына осы Кодексте белгіленген тәртіппен салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы салықтық өтініш пен салық есептілігін табыс етеді.

8. Салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру туралы шешімде көрсетілген, қызметті тоқтата тұру мерзімі өткеннен кейін, егер осы баптың 9-тармағында өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші (салық агенті) салық органына осы Кодексте белгіленген тәртіппен салық есептілігін табыс етуге міндетті.

9. Салық төлеуші салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұрудың ағымдағы кезеңінің аяқталу күнінен кешіктірмей салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы салықтық өтініш беруге құқылы.

Салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы салықтық өтініш берілген кезде осы мерзім осындай өтініште көрсетілген, осы баптың 1-тармағының ережелері ескерілген кезеңге ұзартылады. Салықтық өтініш салық органының осындай өтінішті қабылдағаны туралы белгісі болған кезде қызметті қайта бастау күніне дейінгі алдағы салық кезеңдері үшін салық есептілігін табыс етпеуге негіз болып табылады.

10. Салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) өзінің қызметін тоқтата тұру кезеңі ішінде қызметін қайта бастау фактілерін анықтаған жағдайда, салық органдары аталған тұлғаларды хабардар етпей-ақ салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру мерзімі қызметі қайта басталған күннен бастап тоқтатылды деп таниды.

Осы тармақтың мақсатында осы бапқа сәйкес қызметін тоқтата тұрған салық төлеушінің (салық агентінің) осы Кодекстің ерекше бөліміне сәйкес салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу мен төлеу жөніндегі міндеттемелердің туындауына әкеп соғатын қызметті жүзеге асыра бастауы қызметін қайта бастау болып танылады.

11. Осы баптың ережелері мына салық төлеушілерге:

1) шаруа немесе фермер қожалықтары үшін, патент негізінде шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимдерін қолданатын дара кәсіпкерлерге;

2) ойын бизнесі салығын және (немесе) тіркелген салықты төлеушілер болып табылатын дара кәсіпкерлерге немесе заңды тұлғаларға;

3) ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндіруші заңды тұлғалар және селолық тұтыну кооперативтері үшін арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғаларға қолданылмайды.

12. Осы баптың ережелері мүлік, көлік құралы салықтары мен жер салығы бойынша, жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемақы бойынша салық есептілігін табыс ету тәртібі мен мерзімдеріне қолданылмайды.