Date of publication: 16.01.2019 10:24
Date of changing: 16.01.2019 10:26

Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жеке тұлғалардың назарына 2018 жыл үшін жеке табыс салығы бойынша декларацияның 240.00 нысанын тапсыру мерзімі 2019 жылғы 31 Наурызда аяқталатыны туралы хабарлайды.

ҚР Салық кодексінің 363-бабының 1-тармағында жеке табыс салығы бойынша Декларациясын ұсынуға тиіс  тұлғалар санаты айқындалған.

Салық төлеуші - резидент шетелде болған және Қазақстан Республикасынан тыс көздерден табыс алған кезде салық декларациясын табыс етудің бірнеше мысалдарын қарастырайық.

Қазіргі уақытта көптеген қазақстандықтар шетелге оқуға немесе жұмысқа барады. Бұл ретте, шетелдік банкте ашылған пластикалық карточкаға аударылатын стипендия немесе жалақы түріндегі алынған табыстар декларациялауға жатады. Яғни, бұл жағдайда, 240.00 нысаны бойынша декларацияны резидент ұсынуы тиіс, онда 2018 жыл ішінде алынған ақша қаражатының сомасы мен кірісі айқындалады.

Сондай-ақ, есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанындағы жағдайы бойынша республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанында қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің 141 еселенген мөлшерінен асатын сомада Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі шетелдік банктердегі банк шоттарында ақшасы бар Қазақстан Республикасының азаматтары декларацияны табыс етуге тиіс.

Мысалы, шетелде оқитын студенттің ата-анасы оған ақшаны шетелдік банктің карточкасына аударады. Бұл жағдайда 2018 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 141 еселенген АЕК немесе 339 105 теңгеден асатын соманың қалдығы декларациялауға жатады. Көрсетілген соманың асып кетуі болмаған жағдайда декларация тапсырылмайды.

ҚР ерлі-зайыпты азаматтарында шетелде, екеуіне де рәсімделген пәтерлері болған жағдайда, яғни, сатып алу келісім-шартында 2 меншік иесі көрсетілген болса, ерлі-зайыптылардың әрқайсысы 240.00 нысан бойынша  декларациясын тапсыруға міндетті.

Осыған ұқсас, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі мүлік (жылжымайтын мүлік, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі) декларациялауға жатады.

240.00 н. декларациясы бойынша ұсынылған ақпарат анықтамалық сипатқа ие, яғни шоттардағы көрсетілген сомасы ҚР-да жеке табыс салығымен салуға жатпайды.