Date of publication: 11.04.2019 12:36
Date of changing: 11.04.2019 16:33

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 2 сәуірдегі № 241-VI Заңымен ҚР Салық кодексінің 166-бабының 7-тармағына бақылау-кассалық машиналарға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, ол 01.01.2019 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.

Заңға сәйкес енді бақылау-касса машинасының түбіртегі қосымша келесі ақпаратты қамтуы тиіс:

- тауардың, жұмыстың, қызметтің атауы;

- сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің саны, олардың өлшем бірлігі;

- тауарды, жұмысты, қызметті сатудың жалпы сомасы;

- егер салық төлеуші қосылған құн салығының төлеушісі болған жағдайда қосылған құн салығы салынатын айналымдар бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердің ставкаларын көрсете отырып қосылған құн салығының сомасын;

- бақылау-касса машинасын пайдалану орнының мекенжайы;
- бақылау-касса машинасының түбіртегі туралы ақпаратты кодталған түрде қамтитын штрих код.

Сондай-ақ, түбіртекте баға тауар, жұмыс, қызмет бірлігі үшін көрсетілетін болады.

Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар қолданатын аппараттық-бағдарламалық кешендердің бақылау түбіртегінің нысаны мен мазмұнын уәкілетті органның келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.

Валюта  айырбастау, метал қалдықтарын және шыны ыдыстарын қабылдау пункттерінде, ломбардтарда қолданатын бақылау-касса машиналарының түбіртегі қосымша сату сомасы туралы және сатып алу сомасы бойынша ақпаратты қамтуы тиіс.