Date of publication: 23.05.2022 16:14
Date of changing: 23.05.2022 16:15

ӘКIМШIЛIК ЖАЗА ЖӘНЕ ӘКIМШIЛIК-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЫҚПАЛ ЕТУ ШАРАЛАРЫ

 

Әкiмшiлiк жаза ұғымы және мақсаттары

      1. Әкiмшiлiк жаза, осыған заңмен уәкiлеттiк берiлген судья, органдар (лауазымды адамдар) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн қолданатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы болып табылады және мұндай құқық бұзушылық жасаған тұлғаны құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодексте көзделгендей айыруды немесе олардың шектелуін қамтиды.

      2. Әкiмшiлiк жаза құқық бұзушылықты жасаған тұлғаны заңнама талаптарын сақтау және құқық тәртiбiн құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзiнiң де, басқа тұлғалардың да жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады.

      3. Әкiмшiлiк жаза әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғаға дене азабын келтіруді немесе адами қадiр-қасиетiн қорлауды, сондай-ақ заңды тұлғаның iскерлiк беделiне зиян келтіруді мақсат тұтпайды.

      4. Әкiмшiлiк жаза мүлiктiк залалдың орнын толтыру құралы болып табылмайды. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан келтiрiлген зиянның орны осы Кодекстiң көзделген тәртiппен толтырылады.

 Әкiмшiлiк жаза түрлерi

      1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн мынадай әкiмшiлiк жазалар қолданылуы мүмкін:

      1) ескерту жасау;

      2) әкiмшiлiк айыппұл;

      3) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не нысанасы болған затты, сол сияқты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу;

      4) арнайы құқықтан айыру;

      5) рұқсаттан айыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ тiзiлiмнен алып тастау;

      6) қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу;

      7) заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу;

      8) әкімшілік қамаққа алу;

      9) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу.

      2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн заңды тұлғаларға осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1) – 5) және 7) тармақшаларында санамаланған әкiмшiлiк жазалар, сондай-ақ заңды тұлғаның қызметiн немесе қызметiнiң жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу қолданылуы мүмкiн.

 Әкiмшiлiк жазалардың негiзгi және қосымша шаралары

      1. Ескерту жасау, әкiмшiлiк айыппұл, әкімшілік қамаққа алу негiзгi әкiмшiлiк жазалар ретiнде ғана қолданылуы мүмкiн.

      2. Арнайы құқықтан айыру, рұқсаттан айыру не оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ тізілімнен алып тастау, қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу, сондай-ақ шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жіберу негiзгi, сол сияқты қосымша әкiмшiлiк жазалар ретiнде қолданылуы мүмкiн.

      3. Тәркілеу, заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу қосымша әкімшілік жаза ретінде ғана қолданылуы мүмкін.

 Әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары

      1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлға осы тұлғаның жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында осы Кодекске сәйкес мынадай әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары қолданылады:

      1) жол жүрiсi қағидаларын бiлуiн тексеру;

      2) құқық бұзушының жүріс-тұрысына ерекше талаптар белгiлеу;

      3) азаматтық және қызметтік қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларын білуін тексеру.

      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары әкiмшiлiк жаза қолданумен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаны осы Кодекстің көзделген негіздер бойынша әкімшілік жауаптылықтан босатқан кезде оның орнына да қолданылады.