Жарияланған күні: 29.11.2021 14:34
Өзгертілген күні: 29.11.2021 14:45

Уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметін бақылау

 

Уәкілетті мемлекеттік органдар – салық органдарын және жергілікті атқарушы органдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі бюджетке төленетін төлемдерді есептеуді және (немесе) жинауды жүзеге асыруға уәкілеттік берген, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз құзыреттері шегінде салық органдарымен өзара іс-қимыл жасайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары.

             Салық кодексіне сәйкес, уәкілетті мемлекеттік органдар мемлекеттік кірістер органдарына төлеушілер мен салық салу объектілері туралы мәліметтерді тиісті бұйрықтармен бекітілген нысанда және мерзімдерде ұсынуға міндетті.

               Уәкілетті мемлекеттік органдар ұсынған Ақпаратқа сәйкес, мемлекеттік кірістер органдары өз кезегінде әкімшілік, яғни камералық бақылауды жүзеге асырады.

             Сонымен қатар, салық органдары Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 175-бабында белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне бақылауды жүзеге асырады.

Мәселен, биылғы жылдың басынан бері уәкілетті органдарға 108 тексеру басталып, оның 72-сі аяқталып, 36-сы аяқталмаған. Тексерулер нәтижесі бойынша 41 уәкілетті органда заң бұзушылықтар анықталып, нәтижесінде 453,4 млн теңге қосымша өндірілді.

Уәкiлеттi мемлекеттік органдардың қызметiн бақылау бюджетке төленетiн төлемдердiң дұрыс есептелуi, толық алынуы және уақтылы аударылуы, сондай-ақ салық органдарына мәліметтердің анық және уақтылы ұсынылуы мәселелерi бойынша жүзеге асырылады.

          Жергілікті атқарушы органдардың қызметiн бақылау бюджетке төленетiн төлемдердiң дұрыс есептелуi, толық алынуы және уақтылы аударылуы, салық органдарына мүлік, көлік құралдары салығы, жер салығы және төлемдер бойынша мәліметтердің анық және уақтылы ұсынылуы мәселелерi бойынша жүзеге асырылады.

Бақылауды жүзеге асыру үшін салық органдарының мынадай мәліметтерді қамтитын бақылауды тағайындау туралы шешімі негіз болып табылады:

1) шешiмнiң салық органдарында тiркелген күнi мен нөмiрi;

          2) уәкiлеттi мемлекеттік органның атауы және сәйкестендiру нөмiрi;

          3) бақылауды тағайындау негiздемесi;

          4) салық органдарының бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарының, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдарының бақылауды жүзеге асыруға тартылатын мамандарының лауазымы, тегi, аты, әкесiнiң аты;

      5) бақылауды жүзеге асыру мерзiмi;

      6) бақылау кезеңі;

      7) бақылауды жүзеге асыру мәселелері;

      8) уәкiлеттi мемлекеттік органның шешiммен танысқаны және оны алғаны туралы белгiсi қамтылады.

Шешім бақылауды жүзеге асыру басталғанға дейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органда мемлекеттік тіркелуге жатады.

Бақылау салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердiң бір түрi бойынша да, бірнеше түрi бойынша да бір мезгiлде жүргiзiлуi мүмкiн.

Уәкілетті мемлекеттік орган шешімнің данасын (көшірмесін) алған күн бақылау жүргiзудiң басталуы болып есептеледi.

Бақылауды жүргiзу мерзiмi уәкiлеттi мемлекеттік органға бақылауды тағайындау туралы шешiм табыс етілген күннен бастап отыз жұмыс күнiнен аспауға тиiс. Бақылауды тағайындаған салық органы көрсетiлген мерзiмдi елу жұмыс күнiне дейiн ұзартуы мүмкiн.

      Уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметін бақылау жылына бір реттен жиі жүзеге асырылмайды.

         Бақылау мерзімін, кезеңін ұзарту, тоқтата тұру және (немесе) бақылауға қатысушылардың тізімін өзгерту кезінде шешімге уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қосымша шешім ресімделеді.

Бақылау аяқталғаннан кейін салық органының лауазымды адамы бақылау актісін жасайды.

Бақылаудың нәтижелерi бойынша анықталған бұзушылықтар болған кезде салық органдары Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы талап шығарады.

Талапта:

          уәкiлеттi мемлекеттік органның атауы;

          сәйкестендiру нөмiрi;

          талапты жiберу үшiн негiз;

          талап жiберiлген күн;

           уәкiлеттi мемлекеттік орган бюджетке өндiрiп алуға жататын сома көрсетiледi.

          Талап тексерілетін уәкiлеттi мемлекеттік органның бірiншi басшысына (бірiншi басшыны алмастыратын адамға) бақылау актiсi табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрілмей, жеке өзіне қолын қойғызып не жөнелту және алу фактісін растайтын өзге тәсiлмен жiберiлуге тиiс.

Талапты уәкiлеттi мемлекеттік орган табыс етілген (алынған) күнінен бастап отыз жұмыс күнi iшiнде орындауға тиіс.

ҚР ӘҚБТ 471 бабының 3 бөлігіне сәйкес, уәкілетті мемлекеттік органдардың салықтық бақылау нәтижелері бойынша анықталған және бақылау актісінде көрсетілген бұзушылықтарды жою жөніндегі талаптарды орындамауы лауазымды адамдарға 30 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

        Бақылау нәтижелері бойынша анықталған салық берешегінің сомаларын өндіріп алуды салықтар мен төлемдердің бюджетке аударылуының дұрыстығына, өндіріп алудың толықтығына және уақтылылығына жауапты уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.

        Уәкiлеттi мемлекеттiк органдар салықтар мен төлемдердiң есептелуiнiң дұрыстығына, өндiрiп алудың толықтығына және бюджетке аударылуының уақтылылығына, сондай-ақ салық органдарына мәлiметтердiң дұрыстығы мен уақтылы берiлуiне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.