
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет және Әдеп кодексінің нормаларын сақтау туралы
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекеттің ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің адамгершілігіне, әдепіне және моральдық бейнесіне жоғары талаптар қояды. Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күштерін, білімі мен тәжірибесін жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, қоғамға әділ және адал қызмет етеді деп есептейді.
Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Этикалық кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы қағидалары) бекітілді.
Этикалық кодексте мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары, қызметтік қатынастардағы мінез-құлық, сондай-ақ көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу стандарттары белгіленген.
Мемлекеттік қызметшілер мінез-құлықтың жалпы стандарттарын сақтай отырып:
• адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға;
• өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге;
• мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тиімділігіне кедергі жасайтын немесе тиімділігін төмендететін іс-әрекеттерге қарсы тұруға;
• қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға;
• өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануға;
• шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға;
• қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға;
• мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдауға, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы ретінде толығымен халықтың сұранысына бағдар ұстануға;
• жасағаны үшін заңнамада тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуге тиіс.
Алматы облысы бойынша МКД-нің
Әдеп жөніндегі уәкілі
Сауданбеков Айдын Тұрғанбекұлы
Тел: 8728-2 - 60-12-77