
Шекарадан өту кезінде ақша қаражатын тасымалдау
Жеке тұлғалар 10 мың АҚШ доллары баламасына тең немесе одан аспайтын жалпы сомадағы қолма-қол шетел валютасын және ұлттық валютаны (бағалы металдардан жасалған монеталарды қоспағанда) және жол чектерін кедендік декларациясыз әкелуге немесе әкетуге құқылы. ЕАЭО елдері кедендік аумағының құрамдас бөлігі болып табылатын аумақтан немесе аумаққа жүзеге асырылатын әкелу немесе әкету жағдайларын қоспағанда, 10 мың АҚШ доллары баламасынан асатын сома міндетті кедендік декларациялауға жатады.
Кедендік декларациялау өткізілетін қолма-қол ақшаның және жол чектерінің шығу тегі мен мақсаты туралы мәліметтерді көрсете отырып, барлық сомаға жазбаша нысанда кедендік декларация беру арқылы жүзеге асырылады.
Жеке тұлғалардың қолма-қол ақша қаражатын өткізудің белгіленген тәртібін сақтамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 551-бабының 3-бөлігі "тауарларды, қолма-қол ақша қаражатын, ақша құралдарын декларацияламау немесе анық емес кедендік декларациялау, кедендік құжаттардағы мәліметтерді анық емес мәлімдеу" бойынша әкімшілік жауапкершілік және ҚР ҚК-нің 234-бабы "экономикалық контрабанда"бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.
100 мың доллардан астам қаражат болған кезде қаражаттың шығу тегін растау қажет, яғни бір жеке тұлға ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы жалпы сомасы 100 мың доллардан (баламада) асатын қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын бір мезгілде өткізген кезде жолаушылар кедендік декларациясын берумен бір мезгілде осындай қаражаттың шығу тегін растайтын құжаттарды ұсыну қажет.