Жарияланған күні: 13.09.2021 12:13
Өзгертілген күні: 13.09.2021 12:23

Салықтық тексерудің алдын ала актісі

 

Салықтық тексерудің алдын ала актісі деп Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес тексеруші жасаған, салықтық тексерудің алдын ала нәтижелері туралы құжат түсініледі.

Осы ережелері қолданылатын салық төлеушілер санаттарын, сондай-ақ салық төлеушіге салықтық тексерудің алдын ала актісін табыс ету, салықтық тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық беру, сондай-ақ осындай қарсылықты қарау тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті орган бекітеді.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 12 қаңтардағы № 20 Бұйрығымен «Салық төлеушіге салықтық тексерудің алдын ала актісін табыс ету, салықтық тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық беру, осындай қарсылықты қарау қағидалары мен мерзімдерін, сондай-ақ оларға қатысты салықтық тексерудің алдын ала актісі бойынша нормалар қолданылатын салық төлеушiлер санаттарын бекіту туралы» (бұдан әрі – Қағидалар) тәртібі бекітілді.

Салықтық тексерудің алдын ала актісі бойынша (бұдан әрі – алдын ала акті) нормалар келесі салық төлеушілерге қолданады:

1) салықтық мониторингке жататын салық төлеушілерге;

2) инвестициялық келісімшарттар жасаған салық төлеушілерге;

3) алдын ала акті бойынша оларға есептелетін салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу, аудару, әлеуметтік аударымдарды, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдарын және (немесе) жарналарын есептеу және төлеу бойынша міндеттемелер сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 20 000 еселенген мөлшерінен асып кеткен салық төлеушілер.

Салықтық мониторингке жататын салық төлеушiлерге Салық кодексінің 130-бабының 3-тармағында көзделген тізбеге енгізілген немесе Салық кодексінің 131-бабының 2-тармағына сәйкес көлденең мониторинг туралы келісімді жасаған салық төлеушiлер жатады.

Инвестициялық келісімшарттар жасаған салық төлеушілерге 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 285-бабына сәйкес инвестициялық келісімшарттар жасаған Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары жатады.

Салық төлеушіге (салық агентіне) алдын ала акті салықтық тексеруді жүргізу мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 5 (бес) жұмыс күн бұрын жеке қолын қойдырып табыс етіледі.

Алдын ала актімен бір мезгілде Салық кодексінің 146-бабының 4-тармағына сәйкес салықтық тексеруді тоқтата тұру туралы хабарлама табыс етіледі.

Салық төлеушінің (салық агентінің) орналасқан жері бойынша жоқ болуына байланысты алдын ала актіні оған табыс ету мүмкін болмаған кезде Салық кодексінің 70-бабында белгіленген тәртіппен куәгерлерді тарта отырып, салықтық зерттеу жүргізіледі.

Алдын ала актіге жазбаша қарсылық салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органына алдын ала актіні табыс еткен күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде, келу тәртібімен ұсынылады.

       Қағидалардың 12, 13, 14 және 15-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жазбаша қарсылық онда көрсетілген мәселелер шегінде, оны алған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралады.

Салық төлеуші (салық агенті) бұрын берген жазбаша қарсылығын кері қайтарып алуға құқылы.

Егер:

  1. Қағидалардың 8-тармағында белгіленген мерзімде, оның өткен күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жазбаша қарсылықты ұсынбаса;
  2. жазбаша қарсылықты кері қайтарып алуды мемлекеттік кірістер органы алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жазбаша қарсылықты кері қайтарып алса;
  3. Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген салықтық зерттеу актісі жасалған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде салықтық зерттеу нәтижелері бойынша салық төлеуші орналасқан жерінде болмаса салықтық тексеру Салық кодексінің 18-тарауында белгіленген тәртіппен аяқталуға жатады.

      Бұл ретте 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, салықтық тексеру аяқталғанға дейін салық төлеушіге (салық агентіне) Салық кодексінің 146-бабында белгіленген тәртіппен салықтық тесеру мерзімін қайта басталғаны туралы хабарлама табыс етіледі.

Салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамы жазбаша қарсылықты қарау кезінде, қажет болған жағдайда, жазбаша нысанда қосымша ақпарат не жазбаша қарсылықта жазылған мәселелер бойынша түсіндірмелер беру туралы сұрау салуды салық төлеушіге (салық агентіне) және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдарға және (немесе) өзге де ұйымдарға жолдайды.

Салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органы салық төлеушінің (салық агентінің) алдын ала актіге жазбаша қарсылығымен келіспеген жағдайда, қарау мерзімдері ішінде:

алдын ала актіге жазбаша қарсылығын;

салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органының ұстанымын;

салықтық міндеттемелерді есептеуге байланысты басқа да құжаттарды Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне (бұдан әрі – Комитет) сұрау салуды жолдайды.

Комитет салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органының сұрау салуын, қарсылықты берген тұлғаның өз талаптары мен дәлелдемелерін негіздейтін мән-жайлары шегінде, сондай-ақ салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органының ұстанымында көрсетілген дәлелдемелер мен негіздемелердің шегінде қарайды.

Салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органының сұрау салуына жауап оны алған сәттен бастап Комитеттің тиісті актісімен уәкілеттік берілген лауазымды адамының қолын қойып, 10 (он) жұмыс күні ішінде ұсынылады.

Қағидалардың 12, 13 және 14-тармақтарына сәйкес сұрау салуды мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушіге және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдарға және (немесе) өзге де ұйымдарға, сондай-ақ аумақтық мемлекеттік кірістер органдары Комитетке жолдаған жағдайда, жазбаша қарсылықты қарау мерзімі, бірақ күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын уақытқа ұзартылады.

Жазбаша қарсылықты қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы салық төлеушіге (салық агентіне) сұрау салуды жолдаған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде хабарланады.

Салықтық тексерудің алдын ала актісіне салық төлеушінің жазбаша қарсылығын қарау қорытындысы бойынша салықтық тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органы жазбаша қарсылық бойынша қабылданған шешімді, соның ішінде Қағиданың 14-тармағында қарастырылған Комитеттің жауабын ескере отырып, салықтық тексеру актісін жасайды.

       Салықтық тексеру Салық кодексінің 18-тарауында белгіленген тәртіппен аяқталады.