
Оңайлатылған декларацияны тапсыруға 12 күн қалды
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде оңайлатылған салық декларациясын тапсыруға небәрі 12 күн қалғанын ескертті.
«Бизнес субъектілеріне ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығы үшін оңайлатылған декларацияны (910.00-нысан) 2022 жылғы 15 тамызда тапсырудың соңғы мерзімі аяқталатынын еске саламыз», - деді Комитетте.
Жалпы, 910.00 нысанындағы салық есептілігін оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер ұсынуы қажет.
Декларацияны ұсыну тәсілдері:
- «Салық төлеушінің кабинеті» веб-қосымшасы (cabinet.salyk.kz);
- СОӨЖ ақпараттық жүйесі (бағдарламаны МКК сайтынан тегін жүктеп алуға болады);
- қағаз түрінде;
- Halyk Bank мобильді қосымшасының 2022 жылғы 1 тамыздан бастап оңайлатылған салық декларациясын ұсынуға арналған жаңа сервисі.
Бұл ретте, есептілік тапсырудың соңғы күндерінде ақпараттық жүйе мен байланыс арналарына жүктеменің артуын болдырмау мақсатында салық есептілігін алдын-ала ұсынуға кеңес береміз. Одан бөлек, декларация ұсыну мерзімдерін ұзартуға болатынын еске саламыз.
Жалпы, 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер саны - 1 187 554, оның ішінде дара кәсіпкерлер - 1 047 586, заңды тұлғалар– 139 968.