Жарияланған күні: 26.11.2020 15:47
Өзгертілген күні: 26.11.2020 15:50

Алматы облысы бойынша МКД-де Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі заңнама саласындағы өзгерістерді түсіндіру бойынша конференция өтті

 

Бүгін, 26 қарашада Алматы облысы бойынша МКД-де ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Л.Бейсекуловамен Мемлекеттік қызмет істері бойынша заңнама саласындағы өзгерістерді түсіндіру бойынша кездесу өтті.

Кездесу ZOOM конференция форматында өтті. Конференцияға Алматы облысы бойынша МКД басшысының орынбасары А.Сауданбеков, МКД және МКБ басқармаларының, кеден бекеттерінің, Достық кеденінің басшылары, бөлімше қызметкерлері қатысты.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Л.Бейсекулова Мемлекеттік қызмет істері бойынша заңнама саласындағы негізгі өзгерістерді түсіндірді.

13 қарашада Мемлекет басшысы Мемлекеттік қызмет саласындағы кейбір актілерге өзгерістер енгізуді көздейтін Жарлыққа қол қойды. Осылайша, саяси қызметшілерді ротациялау институты алғаш рет енгізілді (бұрын ротация әкімшілік қызметшілерге ғана қолданылған). Саяси қызметшілер атқаратын лауазымына тағайындалған күннен бастап әрбір төрт жыл сайын ротацияланатын болады.

Бұл ретте тиісті мемлекеттік орган басшысының шешімі бойынша саяси қызметшінің атқаратын лауазымында болу мерзімі екі жылға ұзартылуы мүмкін. Кейіннен екі жылға ұзарту Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша ғана мүмкін болады.

Осылайша, саяси қызметшілердің лауазымда болуының рұқсат етілген ең ұзақ мерзімі сегіз жылдан аспайды.

Саяси қызметшілерді ротациялау институты 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі.

Сондай-ақ, осы Жарлықпен "Б"корпусының қызметшілерін ротациялау тәртібіне толықтырулар енгізілді. Мәселен, әкімдіктер басқармаларының басшыларын өңіраралық ротациялау енгізілді (бұрын оларды ротациялау тек бір әкімдік шегінде ғана мүмкін болатын). Бұл ретте мұндай ротация әкімдіктерде командалық орын ауыстыруға жол бермеу мақсатында агенттікпен келісім бойынша жүргізілетін болады.

Бұдан басқа, соңғы үш жылдан кем емес белгілі бір басшылық лауазымдарды атқаратын, оның ішінде әртүрлі мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін "Б" корпусының қызметшілерін ерікті ротациялау енгізілді. Сонымен қатар, мұндай ротация басқа әкімшілік-аумақтық бірлікте ғана мүмкін болады.

Зейнеткерлік жасқа толғанға дейін үш және одан аз жыл қалған қызметшілерге ротациядан бас тарту құқығы берілгенін атап өткен жөн.

Ротацияның негізгі мақсаттары мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қызметшілердің кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжірибесін дамыту және тиімді пайдалану болып табылады.

Сондай-ақ, осы Жарлықпен мемлекеттік органдардың ішінде "Б" корпусының қызметшілерін ауысу тәртібімен тағайындау мүмкіндігі енгізілді.

Осылайша, мемлекеттік қызметшілер ауысу тәртібімен мемлекеттік орган ішіндегі өзге тең дәрежелі лауазымға, сондай-ақ осы мемлекеттік органда кемінде соңғы екі жыл жұмыс өтілі болған кезде жоғары тұрған лауазымға тағайындалуы мүмкін.

Бұл өзгеріс мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдар ішінде мансаптық ілгерілеуіне ықпал етеді