
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 363 бабының 2 тармағында 230.00-нысан «Жеке табыс салығы және мүлік бойынша» декларацияны тапсыратын келесі адамдар тізімі көрсетілді:
- Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары;
- судьялар;
- "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл туралы" Қазақстан
Республикасының Заңына сәйкес декларацияны табыс ету бойынша міндет жүктелген жеке тұлғалар, атап айтқанда-мемлекеттік лауазым атқаратын адамдар және теріс себептер бойынша мемлекеттік қызметтен босатылған адамдар (адамдардың осы санаты декларацияны босатылғаннан кейін үш жыл ішінде табыс етеді);
- "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес декларацияны табыс ету міндеті жүктелген жеке тұлғалар.
ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 169 бабының 8 тармағы 9 тармақшасына сәйкес шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адам Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік кіріс органына салық салу объектісі болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағындағы да, одан тыс жерлердегі де табыстары мен мүлкі туралы декларацияны табыс етуге міндетті. Аталған декларация жазаның қалған өтелмеген бөлігі өткенге дейін табыс етіледі. Бұл ретте аталған адамдар ішкі істер органына мемлекеттік кіріс органының декларацияны алғаны туралы анықтамасын ұсынады.
Жеке табыс салығы және мүлік бойынша декларация есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей табыс етіледі.
Азаматтардың көрсетілген барлық санаттары декларацияны таңдау бойынша не қағаз тасығышта - келу тәртібімен немесе пошта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен не электрондық түрде беруге құқылы.
Декларацияны электронды түрде ұсынудың артықшылығы Мемлекеттік кірістер басқармасына келмей-ақ Интернет желісіне қол жеткізу мүмкіндігі бар кез келген компьютерден декларацияны беруге болатынын атап өткен жөн. Электрондық түрде тапсыру үшін криптографиялық кілттің болуы қажет. Кілтті тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасынан немесе ХҚКО-дан алуға болады.
Электронды түрде декларацияны "салық төлеушінің кабинеті"Web-қосымша арқылы мына http://cabinet.salyk.kz мекен-жай бойынша тапсыруға болады.
Интернетке қолжетімділік болмаған жағдайда, әрбір мемлекеттік кіріс басқармасында салық төлеушілердің терминалдары бар, олар арқылы өз декларациясын жіберуге болады.
230.00 салық есептілігі нысаны және оны толтыру ережелері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің порталында орналасқан: kgd.gov.kz "ҚР Заңнамасы" - "Салық есептілігі нысандары" - "2018 жылға СЕН" (декларация берілетін жылды таңдаймыз) - "жеке табыс салығы және әлеуметтік салық"-"230.00-нысан".
Салық салу объектісі болып табылатын табыстар мен мүлік туралы декларациялар мен мәліметтерді мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның, теріс себептер бойынша мемлекеттік қызметтен босатылған адамның, сол сияқты аталған адамдардың жұбайының (зайыбының) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде қасақана табыс етпеуі немесе толық, дұрыс табыс етпеуі үшін 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауаптылық көзделген.
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде осы бұзушылық фактісі қайта анықталған жағдайда-200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады (ҚР ӘҚБтК 274-бабы).
Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамның декларацияны ұсынбағаны үшін аталған бұзушылықты алғаш рет жасаған мемлекеттік кіріс органдары ескерту түрінде әкімшілік жаза шығарады, оны бір жыл ішінде қайталап жасаған кезде-15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады (ҚР ӘҚБК 272 – бабы).