
Әдеп жөніндегі уәкілдің рөлі
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этиканы сақтау саласындағы заңнамадағы жаңалықтардың бірі - Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы No153 Жарлығымен бекітілген (Әдеп кодексімен бір мезгілде) Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже болды.
Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші.
Әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметінде "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарын, Әдеп кодексін, Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ережені, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерін басшылыққа алады.
Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары басшылық қызмет атқаратын, сондай-ақ ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшіге жүктеледі.
Әдеп жөніндегі уәкіл өз құзыреті шегінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетеді;
2) мемлекеттік қызметшілердің заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауына ықпал етеді;
3) өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;
4) ұжымда жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес келетін өзара қатынастар мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдеседі;
5) мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды;
6) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады;
Мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының негізгі стандарттарын белгілеу және олардың сақталуын жүйелік бақылау, мемлекеттік қызметтегі қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың алдын-алу адамдардың мемлекетке деген сенімін арттыруға көмектеседі.
Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі - басшының орынбасары Нурлан Аділханұлы Баймулдинов.
Мемлекеттік қызметшілердің әдеп мәселелері бойынша мына мекен-жайға хабарласуға болады: Талдықорған қ., Жансүгіров к-сі, 113, 431 каб., Телефон 8 (7282) 601277.