
Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда көрсетілетін мәліметтер
Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда:
1. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі мүліктері:
• жылжымайтын мүлік, жер учаскелерін және (немесе) жер үлестерін, әуе және теңіз кемелерін, ішкі суда жүзу кемелерін, «өзен-теңіз» жүзу кемелерін;
• көлік құралдарын, арнайы техника және (немесе) тіркемелерін;
• барлық банк салымдары бойынша республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанында қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінен асатын сомадағы Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі шетелдік банктердегі банк шоттарындағы ақшасын;
• Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін көрсетуге арналған.
2. Қазақстан Республикасындағы және (немесе) одан тыс жерлердегі мүлік:
• тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы келісім бойынша тұрғын үйдегі үлес;
• бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары (туынды қаржы құралдарын қоспағанда, олардың орындалуы базалық активті сатып алу немесе сату арқылы жүзеге асырылатын);
• инвестициялық алтын;
• зияткерлік меншік объектілері, авторлық құқық;
• республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және декларация ұсынылған жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша қолданыстағы айлық есептік көрсеткіштің 10000 еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде көрсетілген қолма-қол ақша;
• банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы заңнамасына сәйкес құрылған берешегін қоспағанда, міндеттемелердің немесе талаптардың туындауына негіз болып табылатын нотариат куәландырған (куәландырған) шарт немесе өзге де құжат болған кезде жеке тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегі (дебиторлық берешек) және (немесе) жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдындағы берешегі (кредиторлық берешек);
• Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн болған кезде, осы мүліктің бірлігі үшін баға (құн) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанында қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінен асып кеткен жағдайда жеке тұлғаның қалауы бойынша басқа мүлік көрсетілуі мүмкін. Бұл ереже мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікке, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікке қатысты қолданылмайды.
2021 жылы Активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсырылғаннан кейін, 2022 жылдан бастап жыл сайынғы Кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00-нысан) тапсыру міндеті туындайды.
Салық кодексінің 356-бабының 1-тармағында төлем көзінен салық салынбайтын кірістері бойынша жеке табыс салығын (бұдан әрі - ЖТС) жеке тұлға өзі есептейді және бюджетке төлейді деп көзделінген.
Ондай кірістерге мыналар:
• мүліктік кірістер (тұрғын үйді жалға беруден, мүлікті сату кезінде құн өсімінен);
• жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден алынған мүлікті сатудан түскен табысы;
• жеке тұлға мүлікті (ақшадан басқа) жарғылық капиталға салым ретінде берген кездегі құн өсімінен түскен табыс;
• талап ету құқығын беруден түскен кірістер, оның ішінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы келісім бойынша тұрғын үйдегі үлес;
• Қазақстан Республикасынан тыс көздерден алынған басқа кірістері жатады.
Кірістердің осы түрлері болған кезде жеке тұлғаға ЖТС бойынша декларация (240.00 нысан) тапсыру міндеттемесі туындайды.
ЖТС бойынша декларация орналасқан жері (тұрғылықты жері) бойынша салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей 10% ставкасын қолдана отырып және ЖТС төлемі белгіленген мерзімнен кейін 10 күннен кешіктірмей табыс етіледі.