Date of publication: 12.03.2021 09:20
Date of changing: 12.03.2021 09:21

Сотталған сыбайлас жемқорларға мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды қолдануға тыйым енгізілді.

 

Қылмыстық кодекстің (бұдан әрі – ҚК) 72-бабына енгізілген  түзетулерге сәйкес, шартты түрде мерзімінен бұрын босату (бұдан әрі – ШМББ) ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған адамдарға қолданылмайды.

Ерекшеліктер тек екі жағдайда ғана:

- мұндай қылмыстарды әлеуметтік осал азаматтардың жасауы (жүкті әйелдер; жас балалары бар әйелдер; жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер; 58 және одан жоғары жастағы әйелдер; 63 және одан жоғары жастағы ерлер; бірінші және екінші топтағы мүгедектер);

- ынтымақтастық туралы іс жүргізу келісімінің барлық шарттарын орындаған сотталғандардың осындай қылмыстар жасауы.

Залалды өтеу және бас бостандығынан айыру орындарында жазалар болмаған жағдайда, азаматтардың аталған санаттары іс жүзінде:

- ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде жартысын;

- аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен екісін өтегеннен кейін, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.

Жоғарыда аталған әлеуметтік осал санаттағы азаматтар бұрын қолданылған нормалар бойынша ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жаза мерзімінің кемінде үштен бірін және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жаза мерзімінің кемінде жартысын өтей отырып, ШМББ-ға үміткер бола алғандығын  атап өту керек.

Яғни, сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік, тіпті әлеуметтік осал топтар үшін де заңмен күшейтілді.

Ынтымақтастық туралы іс жүргізу келісімінің барлық шарттарын орындаған, ШМББ-ға құқығы бар адамдарға келетін болсақ, оларды кінәні мойындау туралы келісім жасасқан адамдармен шатастырмау керек.

ҚПК-нің 612-бабына сәйкес, процестік келісімнің екі түрі бар:

1) күдікті, айыпталушы күдікпен, айыптаумен келіскен жағдайда – онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстар не ауыр қылмыстар бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанында;

2) ынтымақтастық туралы келісім нысанында – қылмыстық топ жасаған қылмыстарды, өзге де адамдар жасаған аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге ықпал еткен кезде қылмыстардың барлық санаттары бойынша жүзеге асырылады.

Заңда ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық шарттары, яғни екі негіз болған кезде ғана жасалуы мүмкін процестік келісімнің екінші түрі орындалған жағдайда, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға қатысты ШМББ-ны қолдануға жол беретін норма көзделген:

1) саралау белгісі болған кезде – қылмыстық топта қылмыс жасау (ҰҚТ);

2) сыбайлас жемқорлық қылмыстардың аса ауыр құрамы бойынша (ҚК-ге сәйкес – бұл ҚК-нің 366-бабының төртінші бөлігі (аса ірі мөлшерде пара алу), ҚК-нің 367-бабының төртінші бөлігі (аса ірі мөлшерде пара беру), сондай-ақ ҚК-нің 450-бабының үшінші және төртінші бөліктері, 452-бабының төртінші бөлігі бойынша әскери қылмыстардың үш құрамы).