
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары, судьялар үшін Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде шоттар (салымдар) ашу және оларды иелену, Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтау бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу енгізілді.
Қаралып отырған шектеу қолданылатын адамдар лауазымға тағайындалған күннен бастап 6 ай ішінде, ал жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары мен судьялар (бұдан әрі – мемлекеттік қызметшілер) Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап 6 ай ішінде (31.12.2020ж. бастап) Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан шетелдік банктердегі қолда бар шоттарды жабуға міндетті.
Бұл ретте, Заңда мемлекеттік қызметшілердің шетелдік банктерде шоттары болуға құқығы бар жағдайлар айқындалған, атап айтқанда: олар Қазақстан Республикасынан шет елдердегі мекемелерге, өкілдіктерге және халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген немесе шетелде оқып жүрген, немесе шетелде тағылымдамадан өткен, немесе шетелдік іссапарда болған немесе шетелде емделіп жүрген жағдайларда, немесе шетелде кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі ретінде не шетелдік банктердегі шот немесе қолма-қол ақша және басқа да құндылықтар мұраға қалдырылған кезде мемлекеттік қызметшінің немесе тиісті адамның жұмыс немесе оқу не емделу кезеңінде кәмелетке толған адамның қорғаншысы немесе қамқоршысы ретінде болады.
Тиісті мән-жайлар тоқтатылған күннен бастап (мысалға, шетелдік іссапардан, оқудан және т.б. қайтарылған күннен бастап) немесе мұра қабылданған күннен бастап 6 ай ішінде мемлекеттік қызметші шетелдік банктегі шотты жабуға және (немесе) шетелдік банктегі қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауды тоқтатуға міндетті.
Егер мемлекеттік қызметші шет мемлекеттің құзыретті органдары салған қамаққа алуға байланысты немесе дүлей зілзалалар, әскери іс-қимылдар, төтенше жағдай сияқты мән-жайларға байланысты шотты жаба алмаса, шот тыйым салуды қолдану тоқтатылған немесе өзге де мән-жайлар тоқтатылған күннен бастап 6 ай ішінде жабылуы тиіс.
Осы орайда, егер мемлекеттік қызметші шетелдік банктегі шотты жабуды қаламаса және мемлекеттік қызметтен кетуге ниет білдірсе, онда ол шотты жабу үшін белгіленген мерзім ішінде өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш беруге құқылы.
Бұл норма мемлекеттік қызметшіні теріс себептер бойынша жұмыстан шығаруға жол бермеуге бағытталған, өйткені қолданыстағы тәртіп бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы кез келген шектеуді сақтамау мемлекеттік қызметтен теріс себептер бойынша жұмыстан шығаруға әкеп соғады.