
Мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабына сәйкес мемлекеттік қызметшілер өздерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық-құқықтық, тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауаптылықта болады.
Мемлекеттік қызметші атқару үшін алынған өкімнің құқыққа сыйымды екеніне күмәнданған кезде ол жөнінде өзінің тікелей басшысына және өкімді берген басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиіс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы осы өкімді жазбаша түрде растаған жағдайда, егер оны орындау қылмыстық жазалануға тиіс әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, мемлекеттік қызметші оны орындауға міндетті. Мемлекеттік қызметшінің құқыққа сыйымсыз өкімді орындауының салдарлары үшін осы өкімді растаған басшы жауапты болады.
Лауазымды адамдардың лауазымдық өкілеттіктерді атқаруға қатысы жоқ және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар мен нұсқаулар беруіне тыйым салынады.
Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік орган өздеріне қатысты қабылдаған шешімдер мен әрекеттерге жоғары тұрған лауазымды адамдарға, уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне немесе сотқа шағым жасауға құқығы бар.
Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы– мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы түрде, кінәлі түрде орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамауы.
Терiс себептермен қызметтен шығаруға алып келетін тәртiптiк терiс қылық жасаған адамдарды өз еркiмен қызметтен шығару, адамдарды мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға құқыққа сыйымсыз тағайындау және (немесе) мемлекеттік әкімшілік лауазымдардан адамдарды құқыққа сыйымсыз босату, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жазаларды құқыққа сыйымсыз қолдану, тест тапсырмаларының және өзге де конкурстық сұрақтардың мазмұнын жария ету, мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қасақана қабылдамау, бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау да тәртіптік теріс қылықтар деп танылады.
Тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілерге мынадай жаза түрлері қолданылады:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту немесе мемлекеттік лауазымын төмендету;
5) атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару.
Қазақстан Республикасының заңдарында өзге де жаза түрлері белгіленуі мүмкін.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшiнiң тәртіптік терiс қылық жасауы тәртіптік жаза қолдану үшiн негiз болып табылады.
Тәртіптік жазаның түрiн айқындаған кезде:
1) терiс қылықтың мазмұны мен сипаты;
2) терiс қылық жасалған кездегі мән-жай (орны, уақыты, әдісі және оны жасаудың өзге де мән-жайлары), мемлекеттік әкімшілік қызметшінің кінәсі;
3) жасалған терiс қылық әкеп соққан немесе әкелуі мүмкiн келеңсiз зардаптар;
4) оны жасаған адамның бұрынғы мiнез-құлқы;
5) тиісті қызмет саласындағы жұмыс тәжірибесі;
6) мемлекеттік әкімшілік қызметшiнiң жеке басын сипаттайтын өзге де мән-жайлар жинақтала есепке алынады.
Тәртіптік терiс қылықтар мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) елеусiз;
2) елеулi;
3) өрескел.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы No 152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану ережесінің 27-тармағына сәйкес:
- Тәртіптік жазасы жоқ мемлекеттік әкімшілік қызметшi жасаған немесе бұрын қолданылған жаза алып тасталғаннан кейін жасаған теріс қылық елеусіз теріс қылық болып табылады, ол үшін қызметшіге ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылады.
- Алып тасталмаған ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түрiнде қолданылған жаза болған кезде мемлекеттік әкімшілік қызметші жасаған теріс қылық елеулі теріс қылық болып табылады, ол үшін қызметшіге қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту немесе лауазымын төмендету түрiндегi жаза қолданылады. Бұл ретте, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес негіздер бойынша қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту немесе лауазымын төмендету түрiндегi тәртіптік жаза көзделген тәртіптік теріс қылықтарға жол берілген жағдайларда, қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту немесе лауазымын төмендету түрiндегi тәртіптік жаза алынбаған тәртіптік жазаның болуына қарамастан қолданылады.
- Жасағаны үшiн қолданыстағы еңбек заңнамасына, мемлекеттiк қызмет туралы заңнамаға сәйкес негiздер бойынша қызметтен шығару көзделген теріс қылық не мемлекеттік әкімшілік қызметші лауазымын төмендету немесе қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту түрiндегi алынбаған жазасы бола тұра жасалған терiс қылық өрескел терiс қылық болып табылады, ол үшін атқаратын лауазымынан босату түрiндегi жаза қолданылады.
Алматы облысы бойынша МКД
АРБ-ның қызметтік тергеу бөлімі