
Арнаулы салық режимiн қолданудың шарттары
Салық Кодексінің 683- бабы шағын бизнес субъектiлерiне арналған арнаулы салық режимiн қолданатын дара кәсiпкерлер мен Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары шағын бизнес субъектiлерi деп танылады. Шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимін мынадай талаптарға сәйкес келетін:
1) арнаулы салық режимi үшiн салықтық кезеңдегі жұмыскерлердiң орташа тізімдік саны:
оңайлатылған декларация негізінде – 30 адамнан;
тіркелген шегерімді пайдаланумен – 50 адамнан аспайтын;
2) арнаулы салық режимі үшін салықтық кезеңдегі кірісі:
патент негізінде – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 3 528 еселенген мөлшерінен;
оңайлатылған декларация негізінде – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 24 038 еселенген мөлшерінен;
тіркелген шегерімді пайдаланумен – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 144 184 еселенген мөлшерінен аспайтын.
Бұл ретте осы тармақшаның бірінші бөлігінің үшінші абзацында көрсетілген кіріске дара кәсіпкердің республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 70 048 еселенген мөлшері шегіндегі, үш құрамдасты интеграцияланған жүйені міндетті түрде қолдана отырып, қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар арқылы алған кірістері қосылмайды.
3) мынадай қызмет түрлерін:
акцизделетін тауарлар өндiруді;
акцизделетін тауарларды сақтауды және көтерме саудада өткiзуді;
мұнай өнiмдерiнің жекелеген түрлерін – бензинді, дизель отынын және мазутты өткiзуді;
лотереялар өткізуді;
жер қойнауын пайдалануды;
шыны ыдыстарды жинауды және қабылдауды;
түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинауды (дайындауды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткiзуді;
консультациялық қызметтер көрсетуді;
бухгалтерлік есеп немесе аудит саласындағы қызметті;
сақтандыру брокері мен сақтандыру агентінің қаржы, сақтандыру қызметін және делдалдық қызметін;
құқық, әділет және сот төрелігі саласындағы қызметті;
қаржы лизингі шеңберіндегі қызметті жүзеге асырмайтын салық төлеушілер қолдануға құқылы.