
Орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылық
Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті келесі туралы хабарлайды.
Бұдан бұрын хабарланғанындай, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылықты жүргізуді қарастыратын Заң қолданысқа енгізілді.
Салық төлеуші 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша дербес шотта есепте тұрған бересі сомасын 2018 жылғы 1 қазаннан бастап 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде төлеген жағдайда салық берешегі болып танылмайды және бюджетке енгізуге жатпайды, сондай-ақ уәкілетті орган белгілеген тәртіппен есептен шығаруға жатады деп Заңда белгіленген.
Рақымшылық жасау үшін салық төлеушілерге ешқайда барудың қажеті жоқ, мемлекеттік кірістер органдары күн сайын жеке шоттардың жай-күйін қадағалап отырады және негізгі қарызды төлеген жағдайда үш жұмыс күнінен кешіктірмей жою туралы тиісті шешім қабылдайды.
Салық төлеушілер негізгі қарыздың сомасын, өсімпұл сомасын салық төлеушінің шоты веб-қосымшасында жеке шоттан үзінді көшірме алу арқылы нақтылай алады.
Сондай-ақ, салық берешегі туралы ақпаратты Комитеттің www.kgd.gov.kz интернет-ресурсынан және «Электрондық үкімет» порталынан, онлайн режимінде ағымдағы ақпаратты алуға мүмкіндік беретін «Салық қарызының жоқтығы (болуы) туралы ақпарат» электрондық қызметін пайдаланып салық төлеушінің ЖСН / БСН бойынша алуға болады.
Ағымдағы жылдың соңына дейін есептелген күндер қалды, осыған байланысты негізгі қарызды өтеп, салықтық рақымшылықты пайдалануға асығыңыз.