
«Нұр Жолы» кеден бекетінде ірі көлемдегі ақша қаражатын тасымалдауға тырысқан азамат ұсталды
2019 жылдың 13 қарашасында Алматы облысы бойынша МКД-нің «Нұр жолы» кеден бекетінде кедендік бақылауды жүргізу барысында ҚР-дан ҚХР-ға шығу кезінде ҚХР азаматы 20 000 АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты тасымалдауға тырысқан. Бұл құқық бұзушылықты «Нұр Жолы» кеден бекетінің қызметкерлері және Алматы облысы бойынша ЭТД қызметкерлері бірлесіп, «Армада» деген қызметтік иттің көмегімен ұстады.
Қытай азаматы 10 АЕК көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Естеріңізге саламыз, жеке тұлғалар кедендік декларациялаусыз қолма-қол шетел және ұлттық валютаны (бағалы металдардан жасалған монеталарды қоспағанда) және жол чектерін жалпы сомадағы 10 мың АҚШ долларына тең немесе одан аспайтын әкелуге немесе әкетуге құқылы.
10 мың АҚШ долларынан асатын сома, ЕАЭО елдері кедендік аумағының құрамдас бөлігі болып табылатын аумақтан немесе аумаққа жүзеге асырылатын әкелу немесе әкету жағдайларын қоспағанда, міндетті кедендік декларациялауға жатады.
Кедендік декларациялау өткізілетін қолма-қол ақшаның және жол чектерінің шығу тегі мен мақсаты туралы мәліметтерді көрсете отырып, барлық сомаға жазбаша нысанда кедендік декларацияны беру арқылы жүзеге асырылады.
Алматы облысы бойынша МКД