
- Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер
Дара кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, бір мезгілде мынадай шарттарға сай келетін:
1) бірыңғай жиынтық төлемді төлеген;
2) жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
3) қызметтерді салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана көрсететін және (немесе) акцизделетін өнімдерді қоспағанда, жеке қосалқы шаруашылықтың өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнiмiн салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана өткізетін жеке тұлғалар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер деп танылады.
Мыналар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер ретінде танылмайды:
1) коммерциялық жылжымайтын мүлiк объектiлерiнің, сондай-ақ сауда объектілерінің, оның iшiнде меншік, жалдау, пайдалану, сенiмгерлiк басқару құқығындағы объектілердің аумағында қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар;
2) тұрғынжайды қоспағанда, мүлікті мүлiктiк жалға (жалдауға) беретін адамдар;
3) жеке практикамен айналысатын адамдар;
4) оралмандарды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
5) дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген адамдар.
Жеке тұлғалар бірыңғай жиынтық төлемді төлеу жүргізілген күннен бастап мұндай төлемді төлеу жүргізілген айдың соңғы күніне дейін бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер деп танылады.
- Бірыңғай жиынтық төлем сомасы
Қалалық тұрғындар үшін БЖТ мөлшері 2019 жылы 1 АЕК немесе 2 525 теңге. Ауыл тұрғындары үшін - 0,5 АЕК немесе 1 262,5 теңге.
Бұл ретте республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің мөлшері қолданылады.