
Қазақстан Республикасының қаржы Министрлігі
Мемлекеттік кірістер комитетінің
Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті
Баспасөз релизі
Салықтық рақымшылық нәтижелері бойынша 47 млн. теңгеден астам сомаға жеке тұлғалардың өсімпұлы кешірілді
Бұған дейін хабарланғандай, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына 2019 жылғы 3 шілдеде жеке тұлғаларға салықтық рақымшылық жасауға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді. Бұл түзетулер 2019 жылғы 16 шілдеде қолданысқа енгізілді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 797 бұйрығымен 2019 жылғы 2 тамызда Нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкінде жарияланған өсімпұл сомасын есептен шығару Қағидалары бекітілді және 2019 жылғы 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді.
Алматы облысы бойынша барлық аумақтық мемлекеттік кірістер басқармаларында өсімпұлдарды есептен шығару жөніндегі комиссиялар құрылған,олар салықтық рақымшылық шарттарына сәйкес келетін салық төлеушілерді іріктеу үшін дербес шоттарды түгендеу жұмыстарын жүргізеді.
Жалпы алғанда, облыс бойынша 103 мың адамға рақымшылық жасалып, оларға 1 965,5 млн. теңге сомасына негізгі қарызды төлеу шартымен 507,7 млн. теңге сомасына өсімпұлдар есептен шығарылады.
2019 жылдың 12 қыркүйегіне жүргізілген салықтық рақымшылық нәтижелері бойынша екі 10 642 жеке тұлға бойынша 47,2 млн.теңге өсімпұл есептен шығарылды. Өтелген негізгі салық сомасы 161,9 млн.теңгені құрайды.
Салық берешегін Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында тексеруге болады www.kgd.gov.kz «Салық берешегінің болуы/болмауы туралы мәліметтер» бөлімінде. Салық төлеушіге тек өзінің ЖСН енгізу қажет,одан кейін ол өзінің салық берешегі туралы деректерге қол жеткізеді.
Алматы облысы бойынша МКД