Date of publication: 26.04.2022 18:11
Date of changing: 26.04.2022 18:12

Цифрлық майнинг үшін төлем

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі – Салық кодексі) енгізілген өзгерістерге сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап цифрлық майнинг үшін төлемақы енгізілді, ол Салық кодексінің 11-бөлімімен реттеледі.

Цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады және төлем қызметті жүзеге асыру кезінде тұтынылған электр энергиясының нақты көлемі үшін алынады.

Төлемақы сомасы электр энергиясының нақты көлеміне сүйене отырып есептеледі, төлемақы ставкісі электр энергиясының 1 киловатт-сағаты үшін 1 теңге мөлшерінде айқындалады (кВт/сағ саны*1 теңге).

Тоқсан, төлемақыны есептеу үшін салық кезеңі болып табылады. Цифрлық майнинг үшін ақы төлеу Республикалық бюджетке Бюджеттік сыныптама кодына (БСК) 105 317 жүргізіледі. Төлемақы төлеушілер төлемақы сомасын бюджетке тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей төлейді.

Төлеушілер төлемді салық төлеушінің тіркелген жері бойынша төлейді. Бұл ретте цифрлық майнинг үшін төлемақы бойынша салық есептілігі Салық кодексінде көзделмеген.