Date of publication: 24.03.2022 16:55
Date of changing: 24.03.2022 16:42

Шет елде табыс алғанда қандай салық міндеттемесін орындау қажет

 

Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден табыс алған жеке тұлғалар жеке табыс салығы  бойынша декларация тапсыруға және осындай кірістен салық сомасын төлеуге міндетті екенін еске салады.

Салықты есептеу жеке табыс салығы бойынша декларацияда (240.00 нысаны) жүргізіледі, ол 2022 жылғы 31 наурыздан кешіктірілмей тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органына ұсынылады.  Бұл мерзім 2021 жылы алынған табыстар бойынша белгіленген.

Салық кезеңінің қорытындылары бойынша жеке табыс салығын төлеуді салық төлеуші 2022 жылғы 10 сәуірден кешіктірілмейтін мерзімде табыстың 10% мөлшерінде жүргізеді.

Декларацияны жеке тұлғалар тұрғылықты жері бойынша салық органына қағаз түрінде және «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы немесе салық төлеушінің кабинеті арқылы cabinet.salyk.kz web-порталында электрондық нысанда тапсыра алады. 

Жеке тұлға-резиденттің Қазақстан Республикасынан тыс көздерден алған табыстарынан жеке табыс салығына ұқсас табыстарға немесе өзге де шетелдік салықтарға Қазақстан Республикасының шегінен тыс төленген салық сомалары, егер салық кодексінің 303-бабында айқындалған тәртіппен, жеке табыс салығы мөлшерлемесі шегінде, мұндай шетелдік табыс салығының төленгенін растайтын құжаттың болуы жағдайында Қазақстан Республикасында жеке табыс салығын төлеу есебіне есепке жатқызуға жатады.