Date of publication: 24.03.2022 11:27
Date of changing: 24.03.2022 11:30

 

САЛЫҚ САЛУ САЛАСЫНДАҒЫ ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР

 

Мемлекеттік кіріс органында тіркеу есебiне қою мерзiмiн бұзу

1. Жекеше нотариустың, жекеше сот орындаушысының, адвокаттың мемлекеттік кіріс органында тiркеу есебiне қою туралы салықтық өтінішті және дара кәсіпкерді тіркеу есебі, жекелеген қызмет түрлері бойынша тіркеу есебі туралы хабарламаны берудiң Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген мерзiмдерiн бұзу –

ескерту жасауға әкеп соғады.

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет –

жеке тұлғаларға – сегiз, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жетпіс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

3. Салық төлеушiнiң мемлекеттік кіріс органына қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті берудiң Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген мерзiмiн бұзуы –

елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

Арнаулы салық режимiн қолдану кезінде қызметтiқұқыққа сыйымсыз жүзеге асыру

1. Арнаулы салық режимiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде осы режим үшiн көзделген шарттарды бұза отырып қолдану –

ескерту жасауға әкеп соғады.

2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет –

шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

3. Дара кәсiпкердiң патент құнының есеп-қисабын беру не салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы салықтық өтінішті беру мерзiмiн бұзуы –

ескерту жасауға әкеп соғады.

4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекет –

он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

Мемлекеттік кіріс органының салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұру туралы шешімінің қолданылуы кезеңінде қызметті жүзеге асыру

1. Мемлекеттік кіріс органының салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұру туралы шешімінің қолданылуы кезеңінде тұлғалардың қызметті жүзеге асыруы –

ескерту жасауға әкеп соғады.

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет –

жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – қырық, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

Салықтық есептiлiкті, бақыланатын шетелдік компанияның қаржылық пайдасын айқындау үшін қажетті құжаттарды ұсынбау, сондай-ақ салықтық есептілікте толық емес, анық емес мәліметтер ұсыну

1. Мемлекеттік кіріс органына салық есептілігін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде ұсынбау -

ескерту жасауға әкеп соғады.

2. Осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген іс-әрекетті қоспағанда, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет –

жеке тұлғаларға – он бес, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жетпіс айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

2-1. Салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есепке жазуға әкеп соғатын жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда, кірістер мен мүлік туралы декларацияда, жеке табыс салығы бойынша декларацияда толық емес, анық емес мәліметтерді ұсыну -

ескерту жасауға әкеп соғады.

2-2. Осы баптың 2-1-бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер –

үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

3. Салықтық тіркелімдерді Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімде ұсынбаудан көрінген, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет –

салықтық мониторингке жататын салық төлеушілерге бес жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

5. Салық төлеушінің мемлекеттік кіріс органына бақыланылатын шетелдік компанияның "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес салық салуға жататын қаржылық пайдасының немесе қаржылық пайдасының бір бөлігінің сомасын айқындау үшін қажетті құжаттарды ұсынбауы –

жеке тұлғаларға – бір жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Ескерту. 272 баптың 2-1 және 2-2-бөліктерінің ережелері активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтер тиісті мемлекеттік органдарда болған кезде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда осындай мәліметтер көрсетілмеген жағдайда қолданылмайды.