
Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 223 бабына сәйкес жүзеге асырылады, соған сәйкес келесі шаттармен айқындалады:
1) шетелдік тауарларға қатысты – осы Кодекстің 226-бабына сәйкес кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету;
2) шетелдік тауарларға қатысты – Комиссия айқындайтын жағдайларда осы Кодекстің 226-бабына сәйкес арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету;
3) осы Кодекстің 427-бабында көзделген тәсілдермен тауарларды идентификаттау мүмкіндігін қамтамасыз ету;
4) егер тауарлар кедендік пломбалар салынған және мөр басылған көлік құралдарының жүк тиеу орынжайларында (бөліктерінде) тасымалданса, осы Кодекстің 28-бабында көрсетілген көлік құралының халықаралық тасымалдау талаптарына сәйкестігі;
5) осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулерді сақтау болып табылады.
2. Еуразиялық экономикалық одақ тауарларын, оның ішінде пошта жөнелтілімдерімен жөнелтілетін Еуразиялық экономикалық одақ тауарларын және осы Кодекстің 385-бабының 4-тармағында көрсетілген шетелдік тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүшесі болып табылмайтын мемлекеттердің аумақтары және (немесе) теңіз арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының бір бөлігінен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының басқа бөлігіне тасымалдау үшін кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру шарттары осы Кодекстің 387, 388 және 389-баптарында айқындалған.
3. Осы Кодекстің 149-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тұлғалар не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көліктің екі және одан да көп түрлерін пайдалану арқылы тасымалданатын тауарларға қатысты өкілеттіктерге ие болатын және тауарлардың осылай тасымалдануын ұйымдастыруды қамтамасыз ететін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің тұлғасы кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған, көліктің бір және одан да көп түрлерін пайдалану арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы бойынша тасымалданатын тауарлардың декларанты болып әрекет ете алады.
4. Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру кезінде жөнелтуші кеден органы осы Кодекстің 224-бабына сәйкес кедендік транзит мерзімін белгілейді, осы Кодекстің 225, 346, 387-баптарына сәйкес тауарларды жеткізу орнын айқындайды, осы Кодекстің 427-бабына сәйкес тауарларды, оларға арналған құжаттарды идентификаттауды жүзеге асырады.
Тауарларды су немесе әуе кемелерімен тасымалдауды қоспағанда, тауарларды тасымалдау осы Кодекстің 28-бабында көрсетілген тиісті талаптарға сәйкес келетін көлік құралының жүк тиеу орынжайларында (бөліктерінде) немесе оның бөліктерінде жүзеге асырылады, осы Кодекстің 427-бабында көзделген идентификаттаудың өзге де тәсілдерінен басқа идентификаттау, осы тармақтың үшінші абзацында көзделген жағдайларды қоспағанда, көлік құралының осындай жүк тиеу орынжайларына (бөліктеріне) немесе оның бөліктеріне пломбалар салу арқылы қамтамасыз етілуге тиіс.
Тірі жануарларды, пошта ыдыстарындағы (пошта қаптарындағы, пошта контейнерлеріндегі) халықаралық пошта жөнелтімдерін тасымалдау кезінде, сондай-ақ кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылмайтын тауарлармен бірге кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларды көлік құралының бір жүк тиеу орынжайларында (бөліктерінде) немесе оның бөлігінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағы бойынша тасымалдау кезінде көлік құралдарының жүк тиеу орынжайларына (бөліктеріне) немесе оның бөліктеріне пломбалар салу талап етілмейді.