
ҚР Мемлекеттік шекарасы арқылы мемлекеттік кірістер органдарының радиациялық бақылау жүргізу
Радиациялық бақылау – Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі - ЕАЭО) кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың және/немесе көлік құралдарының иондаушы сәуле шығару деңгейін тексеру және халықтың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оны табиғи ортамен салыстыру.
Тауарлар мен көлік құралдарын радиациялық бақылау – ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттері мен өзге де орындарда өткізілетін кедендік бақылау түрлерінің бірі бола тұрып, ЕАЭО құқығына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ЕАЭО және Қазақстан Республикасының кедендік аумағында халықтың радиациялық қауіпсіздігін, ядролық қару мен ядролық материалдарды таратпау халықаралық режимін сақтау, радиоактивтік заттар, гамма-сәулеленудің эквиваленттік мөлшердің қуатының, нейтрон, альфа-, бета- сәулеленудің ағымы тығыздығының (бұдан әрі – иондаушы сәулелену) жоғары деңгейі бар тауарлар мен көлік құралдарын ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттері арқылы тасымалдау кезінде Кодекс талаптарының бұзылуын болдырмау мақсатында жүзеге асырылады.
Пайдаланылатын аппаратураның типін ескере отырып ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде және өткізілетін өзге де орындарда радиациялық бақылау мынадай кезеңдерден тұрады:
бастапқы радиациялық бақылау;
қосымша радиациялық бақылау;
тереңдетілген радиациялық зерттеу;
сараптама.
Бастапқы радиациялық бақылаудың мақсаты тауарлар мен көлік құралдары ағыннан сәулелену мөлшерінің деңгейі жоғары (табиғи радиациялық фонға қарағанда) объектілерді (бұдан әрі – объектілер) жедел анықтау және бөлу болып табылады, оны тауарлар мен көлік құралдарын кедендік бақылау аймағына орналасуын бақылайтын мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды тұлғалары жүзеге асырады.
Бастапқы радиациялық бақылау мақсатында РЗ радиациялық бақылау автоматтандырылған жүйелері (бұдан әрі – РЗ РБАЖ), ал ол болмаған немесе ақаулық болған кезде РЗ жылжымалы радиациялық бақылау құралдары пайдаланылады.
Бастапқы радиациялық бақылау жүргізу барысында анықталған сәулелену дозасының деңгейі жоғары объектілер тауарлар мен көлік құралдарының жалпы ағынынан бөлінеді. Бөлінген объектілер Мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамы айқындаған кемінде 3 метр қашықтықтан анық көрінетін радиациялық қауіптіліктің ескерту белгілерін қоя отырып, қосымша радиациялық бақылау жүргізу үшін кедендік бақылау аймағының учаскесіне (ашық алаң, тауарлар мен көлік құралдарының жалпы массасынан кемінде 20 метр қашықтықта орналасқан жеке үй-жай) орналастырылады.
Нейтрондық арна бойынша РЗ анықтаудың стационарлық аппаратурасы іске қосылған жағдайда иондаушы сәулелену көздерін оқшаулау және сәйкестендіру жөніндегі мемлекеттік кірістер органы лауазымды адамының одан әрі іс-қимылы Нейтрондық сәулелену детекторлары бар РЗ АБЖ өлшеу құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылады.
Тауарлар мен көлік құралдарына қосымша радиациялық бақылау жүргізу үшін негіздер:
1) бастапқы радиациялық бақылау нәтижелері;
2) жедел-іздестіру қызметі субъектілерінен жедел ақпарат алу;
3) тауарға ілеспе құжаттарды тексеру нәтижелері;
4) РЗ және құрамында радионуклидтер жоғары тауарлардың болу белгілерін анықтау, оның ішінде радиациялық қауіптілік белгілерін, тән қорғаныш контейнерлерін (қаптамаларын) анықтау.
Қосымша радиациялық бақылаудың мақсаттары:
1) РЗ анықтау аппаратурасының іске қосылу себептерін анықтау;
2) сәулелену дозасының жоғары деңгейі бар объектілерді іздестіру және оқшаулау, ораманы немесе көлік құралын ашпай гамма және нейтрондық сәулелер бойынша объектінің радиациялық сипаттамаларын өлшеу;
3) объектінің радиациялық қауіптілік дәрежесін бағалау.
Қосымша радиациялық бақылауды Мемлекеттік кірістер органдарының арнайы даярлықтан өткен лауазымды адамдары бір тәулік ішінде жүзеге асырады.
Қосымша радиациялық бақылау жүргізу үшін мемлекеттік тексеруден өткен дозиметриялық және радиометриялық аппаратура пайдаланылады.
Зерттелетін объектінің сәулелену дозасының жоғары деңгейін және онда РЗ болуын растайтын қосымша радиациялық бақылау нәтижелері тереңдетілген радиациялық тексеру жүргізу үшін негіз болып табылады.
Нейтрондық сәулелену ағыны тығыздығының жоғары деңгейі бар көздерді локализациялау және сәйкестендіру бойынша тереңдетілген радиациялық зерттеу жүргізуді айқындайтын ден қою критерийі Санитариялық қағидалар мен Гигиеналық нормативтерде белгіленген рұқсат етілген мәндерден асып кету болып табылады.
Тереңдетілген радиациялық тексерудің мақсаты Зерттелетін объектідегі РЗ-ны барынша ықтимал оқшаулау және бастапқы сәйкестендіру болып табылады.
Тереңдетілген радиациялық тексеруді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша радиациялық бақылау жүргізуге уәкілетті лауазымды адамдар экспозициялық дозаның қуаты 1 мкЗв/сағ артқан кезде бір тәулік ішінде жүзеге асырады.
Тереңдетілген радиациялық тексеру жүргізу үшін мемлекеттік тексеруден өткен спектрометриялық және радиометриялық аппаратура пайдаланылады. Сәулелену көзін іздеу және оқшаулау іздеу режимінде радиометриялық аппаратураның көмегімен жүргізіледі.
Сәулелену дозасының жоғары деңгейі бар объектілерді іздеу және оқшаулау кезінде көлік құралдарының бөліктерін, жүк орындарын және орамдарды ашу Санитариялық қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
Объектілерді сараптамаға беру және оны тасымалдау санитариялық қағидаларды сақтай отырып, радиациялық бақылау жүргізуге Мемлекеттік кірістер органдарының уәкілетті лауазымды адамдарының бақылауымен жүзеге асырылады.