Жарияланған күні: 22.01.2021 12:10
Өзгертілген күні: 22.01.2021 12:12

2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылған адамдар кірістер мен мүлік туралы декларацияны мемлекеттік кірістер органдарына тапсыра ма?  Бұл сұраққа ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде жауап берілді.

Бұрын, 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес (11-баптың 3-тармағы) мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылған адамдар жұмыстан шығарылғаннан кейін үш жыл ішінде тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органына кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыруға міндетті болатын (есеп нысаны 230.00).

Жалпыға бірдей декларацияның енгізілуіне байланысты 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылған адамдар үшін 230.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру тоқтатылады.

2020 жылы мүліктік табысты, Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден табысты және Салық кодексінің 363-бабында көзделген өзге де кірістерді алған жағдайда аталған тұлғалар орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша салық органына жеке табыс салығы бойынша декларацияны (240.00-нысан) табыс ететінін ескеру қажет. Бұл декларацияны тапсыру мерзімі - 2021 жылғы 31 наурыз.

Егер жеке тұлға қателесіп, 2020 жылға арналған 230.00-нысандағы декларацияны тапсырса, онда мұндай декларация кері қайтарылып алуы тиіс.