Date of publication: 08.05.2015 19:34
Date of changing: 08.05.2015 20:19

Аталған ескертпе Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне (ары қарай – Салық Кодексі) сәйкес жасалды.

 

Салық кодексінің 12 бабының 1 тармағының 5 тармақшасына сәйкес, бересі туралы ұғым  салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламада Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалу кезеңінде шағым жасалатын бөлігінде көрсетілген соманы қоспағанда, есептелген, есепке жазылған және мерзімінде төленбеген салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемдердің сомасы болып табылады. Бұған міндетті зейнетақы жарнасы да, әлеуметтік аударым да жатады.

Салық кодексінің 12 бабының 1 тармағының 32 тармақшасына сәйкес, салық берешегі - бересі сомасы, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдардың төленбеген сомасы. Салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламада көрсетілген өсімпұлдар сомасы, сондай-ақ әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалу кезеңінде шағым жасалу бөлігінде көрсетілген айыппұлдар сомасы салық берешегіне қосылмайды. Сонымен қатар, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдары уақытылы төленбеген жағдайда салық берешегі пайда болады.

Салық міндеттемесі уақытылы орындалмаған жағдайда, нәтижесінде салық міндеттемесі пайда болғанда мемлекеттік кірістер органдарымен мәжбүрлеп өндiрiп алу шараларын қолдануды бастағанға дейiн салық төлеушiге салық берешегін өтеу туралы хабарлама (ары қарай - хабарлама) жiберiледi, хабарламамен танысқаннан кейін Салық кодексінің 85-86 тармақтары бойынша салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері және салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады. Нақты:

I. Мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері:

1) өсімпұл салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемдерді төлеу мерзімі күнінен кейінгі күннен бастап, мерзімі өткен әрбір күн үшін, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде бюджетке төлеген күнді қоса алғанда, мерзімі өткен әрбір күн үшін есепке жазылады.

2) салық берешегін өтемегенде және хабарлама берілген күннен бастап он жұмыс күні өткеннен кейін салық төлеушінің (салық агентінің) банк шоттары (корреспонденциялық шоттарды қоспағанда) бойынша шығыс операциялары тоқтатылады.

3) Салық берешегін өтеу туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде салық берешегі өтелмеген жағдайда, аталған салық төлеушінің (салық агентінің) салық берешегі есебіне оның кассасы бойынша шығыс шығыс операциялары тоқтатылады

4)  салық берешегiн өтеу туралы хабарламаны алған күннен бастап он бес жұмыс күнi өткен соң салық берешегi өтелмеген жағдайда салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) мүлiкке билiк етуiн шектейді.

Билік етуге шектеуге:

тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері;

электр, жылу және өзге де энергия түрлері;

сақтау және (немесе) жарамдылық мерзімі бір жылдан аспайтын тамақ өнімдері немесе шикізат жатпайды.

II. Салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін қолданғаннан кейін салық берешегі төленбеген жағдайда, салық төлеушіге қатысты салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданыдалы.

Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу мынадай тәртіппен:

1) салық төлеушіге хабарлама тапсырған күнен бастап жиырма жұмыс күні өткен соң банк шоттарындағы ақша есебінен;

2) дебиторлар шоттарынан, яғни көрсетілген салық төлеушінің (салық агентінің) банк шоттарында ақшасы болмаған немесе жеткіліксіз болған не оның банк шоттары болмаған жағдайда салық органы жиналып қалған салық берешегі шегінде салық төлеушіге (салық агентіне) берешегі бар үшінші бір тұлғалардың (бұдан әрі - дебиторлардың) банк шоттарындағы ақшадан өндіріп алады.

3) билік етуі шектелген мүлкін өткізу есебінен;

4) жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару түрінде жүргізіледі.

 

Міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдары бойынша салық міндеттемесі орындалмаған жағдайда келесі шаралар қолданылады:

  1. Уақытылы төленбеген міндетті зейнетақы жарналары өсімпұл есептеу арқылы;
  2. салық берешегін өтемегенде және хабарлама берілген күннен бастап он жұмыс күні өткеннен кейін салық төлеушінің (салық агентінің) банк шоттары (корреспонденциялық шоттарды қоспағанда) бойынша шығыс операциялары тоқтатылады.
  3. Салық берешегін өтеу туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде салық берешегі өтелмеген жағдайда, аталған салық төлеушінің (салық агентінің) салық берешегі есебіне оның кассасы бойынша шығыс шығыс операциялары тоқтатылады.

Сонымен қатар, Салық кодексінің 621 бабына сәйкес, салық органдары салық берешегі туындаған күннен бастап алты ай ішінде өтелмеген:

  • дара кәсіпкерлердің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың - республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшерінен асатын мөлшердегі;
  • заңды тұлғалардың, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң - республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiштiң 150 еселенген мөлшерiнен асатын мөлшердегi салық берешегi бар салық төлеушiлердiң (салық агенттерiнiң) тiзiмiн бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

Дара кәсіпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор болып табылмайтын салық төлеуші жеке тұлға салық берешегінің сомаларын төлемеген немесе толық төлемеген жағдайларда, салық органы осы салық төлеушінің мүлкі есебінен салық берешегі сомасын өндіріп алу туралы сот бұйрығын шығару туралы өтінішпен немесе талап қоюмен сотқа жүгінеді.

 Дара кәсіпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор болып табылмайтын салық төлеуші - жеке тұлғаның салық берешегі сомаларын өндіріп алу туралы сот бұйрығын шығару туралы өтініштер немесе талап қоюлар бойынша істерді қарау Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

Дара кәсіпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор болып табылмайтын салық төлеуші жеке тұлғаның мүлкі есебінен салық берешегін өндіріп алуды атқарушылық iс жүргiзу органдары Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.